Балқашта жастардың интеллектуалды-спорттық орталығы «JasSpace» салтанатты түрде ашылды. Жоба «Коунрад» қорының қолдауымен жүзеге асырылып, 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың спорттық және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Ашылу рәсіміне қала әкімі, «Коунрад» қорының президенті, Central Asia Metals компаниялар тобының атқарушы директоры және мәслихат төрағасы қатысты.
Central Asia Metals компаниялар тобының атқарушы директоры Гевин Феррар атап өтті:
«Біз бұл жобаның бір бөлігі болғанымызға мақтанамыз. Бұл орталықты демеушілік ету арқылы Балқаш жастарының дамуына маңызды үлес қостық».
Орталықтың құрылысы 2024 жылдың тамыз айында басталып, сол жылдың желтоқсанында аяқталды. «Коунрад» қорының президенті Ник Ширли өз сөзінде:
«Бүгін – ерекше күн. Біз көптен күткен жастар орталығы «JasSpace» ашылды. Бұл – жастардың би, спорт, бизнес және басқа да бағыттарда дамуына мүмкіндік беретін кеңістік» — деді.
«JasSpace» орталығы толықтай пайдалануға дайын. Онда:
спорт залы (киім ауыстыратын және душ бөлмелерімен),
компьютер сыныбы,
STEAM-білім беру аймағы,
шахмат пен ұлттық интеллектуалды ойындарға арналған алаң,
уақытша көрмелер аймағы,
бейне және дыбыс жазу студиясы,
баспасөз орталығы,
жұмыс пен еркін қарым-қатынасқа арналған openspace-аймақ бар.
Ғимараттың реконструкциясына 216 миллион теңге жұмсалды. Жоба аясында күрделі жөндеу, әрлеу және фасадты жаңарту жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ қажетті жиһаз, жабдықтар мен спорттық құралдар сатып алынды.
Жастар орталығы «JasSpace» — Балқаштың белсенді әрі шығармашыл жастары үшін жаңа мүмкіндіктер есігін ашқан маңызды әлеуметтік жоба.